Мұсағали ДУАМБЕКОВ: Президенттің қазаққа қарайлас ұстанымы ТҰРАҚТЫ БОЛУЫ ТИІС

ДАТ, тақсыр!
Мұсағали ДУАМБЕКОВ:
Президенттің қазаққа қарайлас ұстанымы
ТҰРАҚТЫ БОЛУЫ ТИІС

Наурыздың 16-сында Алматыда өткен референдум өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жиынға елдің барлық аймақтарынан өкілдер қатысқан болатын. Олардың арасында елге, жергілікті аймақтарға танымал азаматтар көп болды. Солардың бірі – Астанадан келген техника ғылымдарының докторы, профессор Мұсағали ДУАМБЕКОВТЫ референдумға және қоғам өміріне қатысты әңгімеге тартқан едік. Ескерте кетейік, Мұсағали мырза соңғы президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысып, бірақ тіркеуден қағылған болатын.

– Мұсағали мырза, прези­денттік сайлаудан кейін қайдан орын тептіңіз, не істеп жүрсіз?

– Ең алдымен президенттік додаға жеткізбей тастаса да, елдің саяси ала­ңында азамат ретінде шыңдал­ғанымды айтар едім. Елге, жерге деген жауап­кершілік сезімім ұштала түскендей болды.

Сол сайлаудан кейін «Әділет» партиясы саяси кеңесінің төрағасы, партия төраға­сының орынбасары болдым. Өткен парла­менттік сайлауға қатыстым, ал оның нәти­жесі қалай болғанын айтудың өзі күлкілі. Парламенттік сайлауда «Әділет» 0,66 пайыз алған соң, партия төрағасының үш орынбасары өтініш жазып, өз еркіміз­бен кеттік. Одан кейін өзімнің айналысып жүрген экология мәселесіне оралдым. Соңғы бірер жылда кірісіп жүрген қоғамдық үлкен жауапты міндетім бар: жем­қорлыққа қарсы комитет құрып, жер-жердегі адал азаматтармен жұмыс істеп жатырмыз.

Қысқасы, «не істеп жүрсіз» дейтін емес, қазір қоғамдағы кез келген әлеу­меттік, саяси шараларға белсене араласып, үлесімді қосуға тырысып жүрген жайым бар. Біраз жұрт бізді Оралбай Әбдікәрімовтың аттас комитетімен шатастырады, олардың қо­ғам­дық комитеті «Нұр Отанның» ішінде құрылған.

Ал біздің қоғамдық комитет алыс ауылдан келген, әділетсіздікке тап болған, заң көмегіне зәру, тұрмыс жағдайы төмен аза­маттарға адвокаттардың көмегін береді. Комитетте істің жөнін білетін жақсы заң­гер­лер бар, оның ішінде ұзақ жылдар бойы адвокат болған, бас прокуратурада қыз­меттер атқарған азаматтар жұмыс істейді. Осындай тәжірибесі мол маман­дардың көмегі­мен жемқорлық мәселесі бойынша Алматы қаласы, Қызылорда, Ақ­төбе, Алматы облыстарында заңды-құқықтық іс­тер­мен айналысып жүрміз. Бүгінгі Қазақ­станда жем­қорлықтың деңгейі шырқап тұрған кезі ғой, бір кезде осы жемқорлық «қазақтың ұлттық идеясы» деп айтқаным бар еді. Осы дерт қоғамның қай саласын болсын жаншып, жалмап жатыр. Осы жолда табандылық таныту үшін, түрлі істер атқарып жатырмыз, жуырда телефон арқылы тегін құқықтық көмек көрсету тәжі­рибесін бастадық.

– Сырт көзге бейқам көрінетін Астанада біраз жұмыстар атқа­рып жатыр екенсіздер. Ал осы Астанаңыздағы қауымның саяси белсенділігі неге төмен деп ойлайсыз?

– Газет-жорнал жазбайды деме­сеңіз, Астанадағы азаматтар да алма­тылық­тардан қалыс қалып жатқан жоқ. Былтырғы наурыз айынан бастап, ай сайын митинг өткізуді әдетке айнал­дырдық. Сол митин­гінің төртеуі де осы референдумға байланысты өтті. Алма­тыдағы митинг ұйымдас­тыру­­шылар рұқ­сат етпеген жерге барып, қайта-қай­та жауапқа тартыла бергенше, рұқсат етілген алаңда ойларын ортаға салып, көпшілікті жинамай ма деп те ойла­дық. Алматылықтардан ұтқанымыз сол – рұқсат бермеген жерге жиналсақ, қолға алған шарамыз мақсатына жете алмайтынын біліп, жергілікті биліктің «қырағы көзін» айналып өтіп, жеке меншік аулаға барып жиналдық. Кейіннен қала әкімі Тасмағам­бетовті митингі өткізуге рұқ­сат бермегені, заңды құқымызды ескер­мегені үшін қай­та-қайта сотқа ша­қыр­тып, ең соңында митинг өткізетін жерді белгілетіп алдық. Түйіскен жол тора­бындағы ел жиналатын жерге рұқсат берді. Біз орталық алаңды таңдаған жоқпыз, елдің ойын ортаға салуына, келіп-кетуіне ыңғайлы жерді қаладық. Алдағы уақытта астана­лықтардың ми­тингіге жиналуын әдетке айналдырып, қатысушылар қатарын көбейт­сек, Ақор­да мен Үкімет үйі бар, басқа да мем­лекеттік басқару орган­дарының алдына барып теке-тіресетін боламыз деп се­немін. Рас, әзірге ұйымдаса жиналған жұрт аз, бірақ ол да уақыттың еншісіндегі мәселе деп ойлаймын. Астана – мем­лекеттік қызметтегі шенеуніктер қала­сы, сондықтан қала тұрғындарының саяси алаңдағы белсен­ділігін арттыру қиын мәселе. Дегенмен, астаналық ел-жұрт енді-енді оянып келе жатыр. Соның бір дәлелі – міне, референ­думға үлкен делегациямен келіп қатыстық.

– Референдумға ұсынылған сұрақтар көңіліңізге қона ма?

– Әрине, елдің көңілінен шыққан сұрақтарды дер кезінде көтердік деп ойлаймын. Референдум мәселесі алғаш рет Астанада, экс-сенатор Зәуреш Бат­тало­ваның бастамасымен басталғанын атап өту керек. Сол бастамаға орай тағы да басқа астаналық зиялы азаматтар басымызды қосып, жалпы жиыны 300-дей адам референдум өткізу керек деген тоқтамға келдік. Демократиялық күштер мен аза­мат­тық қоғам өкілдері бас қосқан ондай ауқымды жиын бұрын-соңды Астанада болған емес. Референдумда көтерілетін сұрақтардың тізімін жасап, қоғамның талқысына салуды ұйғардық. Кейіннен саяси маңызы бар ауқымды шараны Алматыдан бастайық деген Болат Әбіловтың ұсынысымен келісіп, ұйымдастыру ісінің ошағын Алматыға ауыстырдық. Ол ұсы­нысты астаналық азаматтар да қолдады.

Елді дүрліктірген «ЭКСПО» тақырыбы келесі рефередумның сұрағы болуы тиіс. Референдум деген жылына бір­неше рет өткізуге болатын шара. Оны кейбір еуро­палық елдердегі сияқты ай сайын өткізуге де болады. Бұл жолғы ре­ферендумға кірмей қалған сұрақтарды 1–2 айдан кейін келесі референдумға ұсынуға болады. Менің ойымша, келісі референдумның ұйымдас­тыру штабы Астанада болуы керек.

– «Келесі референдум» демек­ші, өзіңіз ел талқысына қандай сұрақтар ұсынар едіңіз?

– Әрбір қазақстандыққа қатысты үлкен сұрақ «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланыс­ты дер едім. Оның болашағы, елге тигізетін әсері қандай? Орасан зор күрделі қаржыны қажет ететін ондай әлемдік дәрежедегі көрмені халықтың келісімінсіз өткізуге бола ма? Қымбат­шылық қамытын киген халық­тың аузынан жырып, бюджеттік қаржы есебінен көрме өткізу – Қазақстанға қанша­лықты қажет? Осы сынды сұрақтар қоғамда қайшы ағылысады.

Осы референдумға орай өтетін жи­налысқа қатысу үшін жолға шық­қа­нымызда, өзіміз отырған «Астана – Алматы» фир­малық пойызында көрген көзбояушылықты айтып сұрамаңыз! Біз пойызға отырғанда, вагонның сырты тап-таза, жарқырап тұрған. Жол-жөн­екей бір станцияда тоқтап, тысқа шық­қанымызда, бағана ғана жарқырап тұр­ған вагонымыз­дың сырты қап-қара ағал-жағал кірден көрінбейді. Жол­се­ріктен сұрасам: «Аға, вагонның тек вокзалға қарап тұратын жағы ғана жуылады» демесі бар ма! Біздің елдегі сая­саттың да алдамшы екендігінің қара­пайым көрінісі – осы! Оң қолымыз – сол қолымыздың не іс­теп отырғанын біл­мейді. «ЭКСПО» деп, «жасыл энергия» деп жар саламыз! Бірақ сөйте тұра, Бал­қашта көмірмен жағылатын жылу-қуат стансасын саламыз. Астанада да осындай экология­лық лас «ТЭЦ» салынды. Көмірмен жы­лытуға тыйым салған ха­лықаралық Киото протоколына қол қойған соң, ондай қуат көздерін азайтуымыз керек қой.

Ал қала әкімі Иманғали Тасмағамбе­тов өзінің кезекті есеп беру жиынында елді таң қалдырды: «ЭКСПО»-ның қала­шығын120 гектаржерге салып, оның төбесін күмбез­бен көмкермек екен. Біріншіден, ондай 120 гектарлық күмбез орасан зор қаржыны талап етеді. Екіншіден, Астананың ұйытқып соғатын қатты желі мен қарлы боранына сол күмбезіңіз шыдайды дегенге сену қиын. Астанадағы «данышпандар» желдің де бағытын ауыстырып жіберді: бұрын Қара­ғанды жақтан соғатын еді, енді солтүстік бағыттан соғатын болды.

Қысқасы, «жасыл энергияға» қарсы тірліктің бәрін жасап алып, енді балама жылу көздерін ұрандаған «ЭКСПО» өткізе­міз дейміз. Осының өзі көзбояушылық емес пе? Айтпақшы, Астана әкімі әлгі күмбезді қалашыққа теміржол тартып, вокзал сал­мақ. Ал көрме өтіп кеткен соң, ол теміржолға кім отырады, вокзалға кім барады? Сонымен бірге үш жыл ішінде 30 мектеп пен 15 аурухана саламын дейді. Салғаны – жақсы-ақ қой, бірақ күні бүгінге дейін республика бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» салу жоспары орындалмай жатып, үш жылдың ішінде қыруар шаруаны қалай тындырмақ? Ең бастысы – ол 30 мектеп пен 15 аурухана кімнің есебінен салынбақ? Жауап айқын – Ас­танаға өгей болған республика халқы­ның есебінен салынады! Осы көрмеге жұмсалатын шығын­ды есептесек, әрбір астаналықтың мойнына 133 миллион теңге қаржы ілінеді екен.

– Қоғамда қордаланған осындай өзекті мәселелерді жүзеге асы­ру үшін, сұрақтардың санын көбейтпей, саяси реформа жасау жөнінде, бүкіл жүйені өзгерту туралы бір ғана сұрақты көтеруге болмас па еді?

– Бұл сауалыңыздың жөні бар. Ре­ферендумға ұсынылатын сұрақтарды жинақтаған кезде саяси жүйені өзгерту қажеттігі, демократиялық мемлекет құ­ру мәселелері жөнінде ұсыныстар айтқан едім. Кезінде президенттік сайлауда пре­зиденттік-парламенттік республика құру идеясын ұрандатқан едік, кейіннен ол мәселе ұмыт қалды. Мен алғашында ре­фе­рендумға ұсынылатын он сұрақты ірік­теген кезде елде саяси реформа жасау жөніндегі ойымды айт­қан едім. Бірақ ұйымдастырушы жігіт­тер бұл сұрақтардың саяси астары бар, билік оған рұқсат бер­мейді деген соң, осы төрт сұрақ іріктелді.

Әрине, елде қордаланған барлық мәселені осы бір сұрақпен – саяси жүйені өзгертумен ше­шуге болар еді. Бірақ оған биліктің бодауындағы Орталық сайлау комис­сия­сы ерік бере ме? Негізінде, Конс­титуциялық өзгеріс жасау, сайлау заңын өзгерту – елдегі көпшілік халықтың ойында жүрген мәселе.

Мәселен, президент әкімдер мен ми­н­ис­­трлерді өзі тағайындайды, ал олар болса, өз кезегінде парламент алдында жауапты емес, елді жеп, сыртқа қашады. Үкімет құрамын тағайындауды, сот жүйесін басқаруды парламентке бер­се, прези­дент­тің де жұмысы жеңіл­дер еді. Бірақ ол үшін парламентті еркін сайлау негізінде жасақ­тау қажеттігі туады. Ақыры айналып келгенде, елдегі саяси жүйені тұтастай өзгерт­пейінше, билік тармақ­тарының те­пе-тең­дігін қалыптастыру мүмкін емес­тігіне көз жеткіземіз. Бүгінгі күні ел пре­зиденті ақсақал жасына жетті, бүгінгі айтқанын ертең ұмытып кетуі мүмкін. Егер ол елдегі осындай өзгеріс­терге ұйтқы болса, біз ол кісінің сексен, тоқсан, тіпті жүзге келуін Алладан тілеп жүрер едік. Ол ха­лықтың зердесінде осындай ұлы істерімен ғана қала алады. Ал дабыра көрмелер мен саммиттер дегеніңіз – қара халықтың зығыр­данын қайнатқаннан басқа пайда әкел­мейтін әурешілік.

– Сіз қалай ойлайсыз, бұдан ары қарай билік референдум өткізуге мүмкіндік бере ме?

– Меніңше – береді, беруге тиіс! Билік ақылды болса, осы мәселені қолдауы керек! Бір өкініштісі – Назар­баевқа айнала­сындағылар тың ой, халықтық ұлағат бере алмайды. Олар­дың берген ақылы белгілі ғой: сағыз шайнап, көшеге тастағандарды қамау керек деген далбаса талап қайдан шықты, метро мен автобустарға сағыз жапсырғандарды Назарбаевтың өзі көріп пе екен? Осындай күлкілі бастамаларды оған өзінің айналасы тықпалайды. Әйтпе­се Иманғали Тасмағамбетов айтуға намыстанатын «сағыз проблемасын» прези­денттің көтергені оның қай даналығы деуге болады? «Корольді көтеретін – айналасы» деген осы. Бірақ сол айналасы дәл осы «сағыз мәселесін» президентті дәр­менсіз етіп көрсету үшін тықпалаған сияқты. Әйтпесе ел прези­денті көтеретін мәселе аз ба?!

Енді әйелдердің зейнет жасын және коммуналдық тарифтерді көтеру керек деп жатыр. Президенттің баяндамалары мен ой-пікір, ұсыныстарын дайындап жүргендер оны арандату үшін тықпалайтын сияқты. Демек, елдің алдындағы абыройы артуы үшін де бүгінгі президент халықтың қалауын қолдауы тиіс! Онсыз – еткен тірлігіңнің бәрі бекер!

– Референдум сұрақтары арасынан Еуразиялық одақ пен Кедендік одақ жөніндегі сұрақ елдегі орыс диаспорасы тарапынан қолдау табады деп ойлайсыз ба?

– Табады! Арасында саясатпен айналысып жүрген бірлі-жарымы болмаса, қарапайым орыс халқы үшін де осы референдум керек. Өйткені әлеуметтік әділет­сіздіктің кесірі елде тұратын барша халық­қа ортақ. Кедендік одаққа қосылудың ке­сірінен онсыз да ілдебайлап, әрең тұрған отандық кәсіпорындардың көпшілігі тұра­лап қалды. Оның кесірін қазақ қана татып отыр ма? Бұл кілтипан елде тұратын барша халыққа ортақ. Ендеше орысы болсын, басқасы болсын – осы мемлекетте тұрып, өмір сүрем десе, ортақ мәселені бірлесе шешуге кедергі болмауы тиіс деп ойлаймын.

– Биліктің әрекетіне мониторинг жүргізу барысында байқағанымыз – Ақорданың өзі Еуразиялық одаққа қатысты мәселеде кібір­тіктеп қалған сияқты. Бәлкім, осы мәселе жөнінде халықтың қарсы жауабын пайдаланып, билік Еу­ра­зиялық одақтан бас тартуы мүмкін бе?

– Бәрі мүмкін! Билік бүгінде екі ойлы күйге түскен сияқты. Ядролық отын қал­дықтарын сақтайтын орынды Өскемен­де салуға болмайды, жуық арада ауыл әкімдерін сайлау қажет деген там-тұм ойлар биліктің түртпектеуімен айтылып жатыр. Демократиялық күштердің рефе­рен­думға алып шықпақ болған сұрақтары билікке қозғау салған сияқты, тіпті біздің идеямызды жария түрде қолдамаса да, өздері іске асыра бастағандай. Ел бай­лығын қайтарып алуға қатысты сұрақты қозғамауы мүмкін, ал қалған үш сұрақты қолдауы тиіс деп ойлаймын. Өткен жазда Назарбаев Түркияға барған сапарында түркі дүниесіне бет бұратынын баса айтты. Бір жағынан бұл Ресейге көрсеткен қыры болуы да мүмкін. Саясаттың өзі де сынап сияқты дүние ғой: бір орында тұрақтай алмай жатады, үш-төрт жыл бұрын тиімді болған саясат кейіннен Ақ­ордаға, ең бірінші кезекте – халыққа жақ­пайтынын билік саясаттану­шыла­рының өздері айта бастады. Олар Еу­роазиялық одақ идеясын түбірімен қол­дамай­тын­дарын ашық білдіріп, пікір­лерін жария­лап жатыр. Десек те, қауіп­тің бұлты толық сей­ілген жоқ. Жан-жақ­тағы алып мемлекет­тердің арасында отырған Қазақстан үшін геосаясаттың аумалы-төкпелі болатынын түсінемін, бірақ қазақ ұлтына қарайлас ұстанымда президенттің қашан да тұрақты болғаны абзал.

– Билік екі ойлы болып отырған осындай жағдайда демократия­лық-оппозициялық күштер өзінің тегеурінін таныта түссе екен деп ойламайсыз ба?

– Оппозцияның бар екенін осы жиналыста көрдік, оған ел де куә болатын сияқ­ты. Әрине, оппозицияның азулы, қайратты болғанын бәріміз де қалай­мыз. Олар мық­ты болса, билік те жал­тақтап, алаңдап отырар еді. Бірақ сондай күшке қол жеткіе алмай отырмыз. Алайда осы референдум өткізуге ар­налған жиын саяси алаңдағы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыс­тар, үкіметтік емес ұйымдар мен азамат­тық қоғам өкілдерінің басын қосып, сер­піліс әкелгендей болды. Болашақта бас­таған істің нәтижесі болады деген сенім­демін.

– Интернет БАҚ-тардың бетінде шыққан Иманғали Тасмағам­бетовті президенттің орнына ұсыну жөніндегі хатқа қол қойғандар арасында сіз де бар екенсіз?…

– Ол хаттың мазмұнынан толық хабарым жоқ. Мен хатты көрген жоқпын, ондай қол да қойған емеспін. Бұл Тас­мағам­бетовке қарсы жасалған арандату сияқты. Астана әкімін президенттің алдына жығып бергісі келгендердің әре­кеті болуы да мүмкін. Тағы бір ескере кететін мәселе – дүниежүзілік ЭКСПО- 2017 көрмесін өткізу үшін қыруар қаржының үлкен бөлігін Астана әкімдігі игеретін болған соң, бұл сол миллиард­тарға көз сүзгендердің ісі емес деп кім айта алады?

– Дегенмен, Иманғали бола ма, кім болады – Назарбаевтың билікті беретін уақыты болды ғой. Сондықтан ол хаттың жалпы мазмұнын қолдайсыз ба?

– Әрине, қоғамда толыққанды саяси өзгерістер жасай алатын биліктің келер уақыты әлдеқашан болған. Бірақ, сіз айт­пақшы, ол өзгерістерді Иманғали ма, бас­қа жасай ма дегенде, мен Тас­мағам­бе­товтің бойындағы он қателігін атап берер едім. Әлбетте, биліктің ұрпақ ауысар мер­зімі – толғағы өтіп кеткен мәселе. Осы тұр­ғы­дан келгенде, президенттің атына жаз­ылды-мыс деген хат қоғамда бар әңгімеге қозғау салғанын мойындауымыз керек.

– Күні кеше Қытай мемлекеті жуық жылдарғы бесінші басшысын, Ресейдің өзі соңғы жиырма жылдағы үшінші президентін ауыстырды. Ал бізде бәз баяғы бір басшы…

– Біз өзімізді алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттен асып өтіп, енді 30-дан орын алмақпыз десек, соған лайық қарекет ету керек қой. Дер кезінде би­лікті ауыстыра білуге қашан қол жет­кіземіз? Дүниеде мен білетін Қара бура әулие, Қарахан хан, Қожа Ахмет Ясауи сияқты тұлғалардың үшеуі де 63 жасқа келгенде, «пайғамбардан артық қызмет етуге құқым жоқ» деп, Құдайға құл­шы­лық жолына көшкен екен. «Пайғамбар жасына келдім» деген сөз ел ішінде бекерге айтылмаған. Оның мәні – мен енді болдым, жолды жастарға бердім деген­ді білдірсе керек.

– Айтпақшы, Бауыржан Байбектің суды үнемдеу ұсынысын пайдала­нуға қарсы емессіз бе?

– Қарсымын! Кезінде тұманың таза суын қалқып ішкен қазаққа мұндай «ақыл» айту – көрегендіктің белгісі ем­ес. Ел президенті де өткен жылғы бір сөзінде Англияда суды қалай үнем­дейтіні туралы айтқан болатын. Екеуі бір-бірімен келісіп алған ба, кім білсін – баласын шомылдырып, артынан сол суға өзі түсіп, жуындымен еденді жуу деген данадан шығатын сөз емес. Билік партиясының бір басшысы осы сөзі­мен ел ішін қойып, әлемге әшкере болды, күлкіге қалды, басқа не айтуға болады?

Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «D»

«Общественная позиция» (проект «DAT» № 10 (186 от 19 марта 2013 г.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA image
*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>